Төменкөміртекті экономикаға жаһандық көшудегі егемен қорлардың рөлі

08.09.2022

Төменкөміртекті экономикаға жаһандық көшудегі егемен қорлардың рөлі

 

Климаттың өзгеру процесі әлдеқашан тек ғылыми теория болудан қалып, құжатталған құбылысқа айналды. Планетаның көптеген аймақтары тарихтағы ең ыстық жазды бастан кешіріп жатқанда, Пәкістанда апатты су тасқыны мен көшкіндердің салдарынан 33 миллионнан астам адам зардап шекті.

 

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым және БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы құрған Климаттың өзгеруі жөніндегі сарапшылардың үкіметаралық тобының (IPCC) зерттеу деректері бойынша орташа әлемдік температураның қазіргі өсу қарқынымен, оның индустрияға дейінгі деңгейден өсімі 2030 жылға қарай 1,5°C асатыны ықтимал. Мұндай жағдайда планетаның көптеген аймақтарында бұл оқиға төтенше температураға әкеп соқтырада: кейбір аймақтар қатты жауын-шашынның жиілігі мен қарқындылығының жоғарылауына ұшыраса, басқалары құрғақшылық қаупінің жоғарылауына ұшырайтын болады. Орташа температураның 1,5°C жоғары өсімінің алдын алу үшін дүние жүзіндегі елдер төмен көміртекті экономикаға көшу бойынша өздерінің күш-жігерлерін біріктіруі қажет. Елдер арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізудегі негізгі бастама 2015 жылы қабылданған, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін азайту жөніндегі шараларды реттейтін Париж келісімі болды. Қазақстан бұл келісімге 2016 жылы қол қойды және қазіргі уақытта ұлттық заңнамаға климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары енгізілді. 2021 жылы Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын көздерден алынатын энергия үлесін 5 есеге (3% - дан 15% - ға дейін) арттыру және ҚР-ның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі өз мақсатын жариялады.

 

Айта кету керек, климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді шешу айтарлықтай қаржылық ресурстарды қажет етеді. Қазіргі уақытта климаттың өзгеруі мәселелерін шешуге бағытталған инвестициялар нарықтың қарқынды дамып келе жатқан сегменттерінің бірі болып табылады. Global Impact Investing Network (GIIN) бағалауы бойынша, 2019 жылы импакт-инвестициялау нарығы (Impact Investing) 715 млрд АҚШ долл. көлеміне жетті.

 

Зейнетақы қорлары мен инвестициялық фирмалар активтерді басқаруға тұрақты инвестициялау саласында қосымша талаптар қою арқылы активтерді бөлуге тікелей әсер ете алады. Климаттың өзгеруіне қарсы күрестің одан арғы қадамдарын талқылау үшін Париж келісімі қабылданған күннен бастап тура екі жылдан соң «Бір планета» (One Planet Summit) атты бірінші саммиті өткізілді. Сонымен бірге, Норвегия, Абу-Даби, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы және Жаңа Зеландияның алты ірі егеменді қорлары-егеменді қорлардың коалициясын (One Planet Sovereign Wealth Fund Coalition-OPSWF) құруға шешім қабылдады. Бұл бастаманың мақсаты климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі Париж келісімінің міндеттеріне сәйкес келетін инновациялар мен инвестицияларды қолдау үшін егеменді инвестициялық қорлардың капиталын жұмылдыру болып табылады.

 

Қазіргі уақытта осы ұйымның мүшелері 18 егеменді қор, 17 активтерді басқарушы және басқаруындағы активтерінің жиынтық көлемі 36 трлн АҚШ долларынан асатын 8 жеке инвестициялық компания болып табылады. 43 қатысушының ішінде BlackRock, Morgan Stanley, UBS, Goldman Sachs, HSBC және жеке капиталдың басқарушы қорлары Ardian, Carlyle, SoftBank, Eurazeo және т. б. сияқты инвестициялық компанияларды атап өтуге болады.

 

OPSWF мүшелігі қатысушыларды ұйымның үш негізгі қағидатын ұстануға міндеттейді:

1. Келістілік (alignment) – климаттық факторлар әсерінің ұзақ мерзімді уақыт шегі егеменді қорларды инвестициялаудың уақытша шегіне ұқсас болғандықтан, климаттың өзгеру факторларын егеменді қорлардың инвестициялық шешімдер қабылдау процесіне қосу;

2. Ортақтастық (ownership) – компанияның басқару жүйесіне, стратегиясына, тәуекел менеджментіне және есептілігіне климаттың өзгеруі мәселелерін енгізу процесін ынталандыру;

3. Ынтымақтық (integration) – ұзақ мерзімді инвестициялық портфельдердің сенімділігін арттыру мақсатында инвестицияларды басқару процесіне климаттың өзгеру тәуекелдерін енгізу.

 

OPSWF құрамына кіретін егеменді қорлар климаттың өзгеруіне қарсы көптеген бастамаларды жүзеге асырды, олардың арасында мыналарды атап өтуге болады:

- Үндістанның Ұлттық инвестициялық және инфрақұрылымдық қорында Green Growth Equity қорының қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтіруге ықпал ететін 16,000 жұмыс орнын құруы;

- Сауд Арабиясының Егеменді қорының 185,000 үйді күн панельдерінен электр қуатымен қамтамасыз ете алатын жобаны іске қосуы;

- Сенегал Егеменді қорының жаңартылатын энергия көздерін инвестициялауға бағытталған қорын құру.⁵

 

«Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ (бұдан әрі - Корпорация) OPSWF бастамасына 2020 жылғы 5 маусымда қосылды. Бұл бастамаға қатысу Корпорацияға жауапты инвестициялау мәселелері бойынша озық тәжірибеге қол жеткізуге, сондай-ақ жетекші егеменді қорлармен қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.

 

OPWSF мүшесі бола отырып, Корпорация өзінің осы бастамаға қосылуы және климатқа байланысты қаржылық ақпаратты ашу жөніндегі Нысаналы топтың (TCFD) ұсынымдарын қолдау туралы басқарушы қорларды хабардар етті, бұл қор басқарушыларының инвестициялық шешімдер қабылдау процесіне климаттың өзгеру факторларын енгізуге түрткі болады. Өз кезегінде, Корпорация менеджерлерді таңдау процесінде ESG өлшемшарттарын да қарастырады.

 

2021 жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында тіркелген ANU Energy OEIC Ltd., физикалық уран қоры құрылды. Физикалық уран қорының құрылтайшылары әлемдегі ең ірі уран өндіруші, үлестің 48,5% ие «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ, үлестің 48,5% ие «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ және үлестің 3% ие Genchi Global Limited болып табылады. ANU Energy экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару (ESG), сондай-ақ таза энергия мәселелеріне бағытталған инвесторлардың әртүрлі санаттары үшін физикалық уранға тікелей қолжетімділікті қамтамасыз етеді деп жоспарлануда.

 

Осылайша, Корпорация ірі егеменді қорлардың үлгісіне ғана емес, сонымен қатар БҰҰ тұрақты дамуы мен Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы саласындағы мақсаттарға қол жеткізуге бірегей үлес қосады.

 

1https://www.ipcc.ch/sr15/chapter/spm/

2https://primeminister.kz/ru/news/kazahstan-predstavil-plany-po-dostizheniyu-uglerodnoy-neytralnosti-1925827

3https://primeminister.kz/ru/news/a-mamin-prinyal-uchastie-v-globalnom-sammite-po-izmeneniyu-klimata-cop26-2105618?ysclid=l74aoo7hz0970678410

4https://thegiin.org/impact-investing/need-to-know/

5https://www.oneplanetsummit.fr/en/one-planet-summit-building-multi-stakeholder-platform-160

6https://oneplanetswfs.org/wp-content/pdfjs/web/viewer.html?file=https://oneplanetswfs.org/download/150/4oct2021goodnames/1524/1_opswf-framework-companion-document-2021.pdf

7https://www.kazatomprom.kz/ru/media/view/kazatomprom_signs_physical_uranium_fund_investment_agreement

Артқа
Қазақстан, Астана қ.,
Z05T8F6, Мəңгілік Ел даңғылы, 57А
© 2012-2024 NIC NBK.