Қазіргі нарықтық ортадағы Macro стратегиясының хедж-қорларына инвестициялардың өзектілігі

16.11.2022

 

 

- Қайырлы күн, Әлия, уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет. Алдымен Global Macro стратегиясы туралы айтып беріңізші.

 

- Қайырлы күн! Иә, әрине. Әңгімемізді бастамас бұрын, хедж-қорлар – бұл нысаны бойынша үлеспұлдық инвестициялық қорларға (ҮИҚ) өте ұқсас, бірақ мазмұны жағынан олардан ерекшеленетінін еске салғым келеді. Егер дәстүрлі қорлардың мақсаты индексті "басып озу" және салыстырмалы кірісті алу болса, хедж-қорлардың негізгі міндеті абсолютті кірісті, яғни нарықтың ауытқуына қарамастан оң кірісті алу болып табылады. Сондай-ақ, заңмен қатты реттелетін ҮИҚ-мен салыстырғанда, хедж-қорлар инвестициялау құралдарын таңдауда кең мүмкіндіктерге ие.

 

Бүгінгі таңда бұл салада әртүрлі стратегиялардың 30 мыңнан астам хедж-қорлары бар. Соңғы мәліметтер бойынша, оларда шамамен 5 триллион доллар шоғырланған, бұл Жапонияның ЖІӨ-мен салыстыруға болады. Хедж-қорлардың инвесторлары негізінен ірі институционалдық инвесторлар, сақтандыру компаниялары, ұлттық және зейнетақы қорлары, нарықтың басқа да ірі қатысушылары, сондай-ақ премиум банктер мен отбасылық кеңселер арқылы инвестициялау мүмкіндігі бар ауқатты адамдар болып табылады. Жоғарыда айтқанымдай, ең алдымен, хедж-қорлар кіріс пен тәуекел арақатынасы үшін қызықты.

 

Сондай-ақ, хедж-қорлардың көптеген стратегиялары бар екенін еске сала кетейін. Негізгілердің қатарына акциялар нарығындағы стратегия, корпоративтік оқиғаларға негізделген стратегия, арбитраж немесе салыстырмалы құн және макро стратегиялары (немесе көпшілік Global Macro деп білетін стратегия) кіреді.

 

Global Macro стратегиясына тоқталатын болсақ, басқа бағыттармен салыстырғанда, стратегия «top-down» тәсілін қолданумен ерекшеленеді. Яғни, егер басқа стратегияларда басқарушылар белгілі бір құнды қағаздардың жете бағаланбауын немесе артық бағалануын анықтауға немесе олармен байланысты корпоративтік оқиғаларды болжауға тырысса, бұл ретте Macro басқарушылары экономикалық трендтерді, нарықтық ауытқуларды немесе жекелеген елдердегі немесе өңірлердегі болашақ циклдік немесе құрылымдық өзгерістерге қатысты жағдайларды анықтау арқылы пайда көреді. Нақтырақ айтсақ, стратегияның негізгі идеясы – валютаның құнсыздануы, шикізат бағасының өсуі, мемлекеттердің монетарлық саясаттағы өзгешеліктерді және тағы басқа экономикалық трендті немесе құрылымдық теңгерімсіздіктерді ерте кезеңде анықтау, содан кейін осындай трендтерді іске асыруға немесе теңгерімсіздіктердің орнына келу процессіне қатысу. Айтпақшы, «хедж» сөзі хедж-қорлардың қандай да бір оқиғаның орындалуына қаражат салып, тәуекелге бару деген бастапқы мағынасын айқындайды. Бұл ретте стратегия тек бір нарықпен немесе активтермен шектелмейді – қорлар, керісінше, өздері айқындаған мүмкіндіктерді іске асыру үшін акцияларды, облигацияларды, валюталарды, шикізатты және басқа да қаржы құралдарын қолданады, ал global сөзі стратегияның бүкіл әлем бойынша активтерді қамтитынын айқындайды.

 

Сондай-ақ, Macro стратегиясының өзі де әр-түрлі ішкі стратегияларға бөлінетінін атап өткім келеді. Олар бір-бірінен тәсілдермен және бағдарланумен, оның нәтижесінде қолданылатын құралдармен және нарықтармен ерекшеленуі мүмкін, бірақ олар әдетте өтімділігі жоғары нарықтар болып табылады.

 

Macro стратегиясының жарқын мысалы - Джордж Соростың Quantum Fund қорының 1992 жылы британдық валютаға қарсы ауқымды саудасы. Сорос елдегі жоғары инфляция мен төмен пайыздық мөлшерлемені негізге ала отырып, фунттың асыра бағаланғанын түсінген болатын. Осы және басқа макроэкономикалық алғышарттарды біле отырып, оның қоры 1992 жылдың жазынан бастап фунтқа қарсы қысқа позициялар құра бастады, яғни оны төмендеуіне бәс тіккен. Қыркүйек айында қысқа позицияның көлемі $10 миллиардқа жетті. Экономикалық қыспаққа түскен Ұлыбритания үкіметі фунтты еркін ағымға жіберуге және Еуропалық валюта механизмінен шығуға мәжбүр болды, нәтижесінде фунт неміс маркасына қатысты 15% және долларға қатысты 25% құнсызданды.Сорос саудадан бір күнде $1 миллиард пайда көрді. Бұл күн «Black Wednesday» деп аталады.

 

- Қазіргі нарық жағдайында Global Macro хедж-қорларына инвестиция салудың қандай пайдасы бар екенін айтып берсеңіз?

 

- Бүгінгі таңда байқағанымыздай, макроэкономикалық және саяси факторлар нарықтарға және олардың баға сипаттамаларының динамикасына айтарлықтай әсер етуде. Мұндай ортада Global Macro үшін кең мүмкіндіктер ашылады. Олардың міндеті - орталық банктер мен саясаткерлердің іс-әрекеттерін болжау, институционалды инвесторлардан бір қадам алдыда болу (хедж-қорлардың, әдетте, инвестициялық комитеттің шешімінсіз қаржыны пайдалануға мүмкіндігі бар) және дұрыс шешімдерге бәс тігу. Бәс тігілетін оқиғалар бәріне белгілі. Мысалы, көп сарапшылар басынан қаржы нарығы қызып кеткенін, монетарлық саясат қатал болуы тиіс екенін, инфляция мезгілсіз болуы мүмкіндігін және т.б. айтып келеді. Global Macro басқарушыларының артықшылығы - қалыптасқан кәсіпқойлық арқылы нақты тенденцияларды қауесеттерден, дүрбелеңнен және ақымақтықтан ажырату мүмкіндігі. Қазір мұндай шу көп болғандықтан, Global Macro үшін инвестициялық мүмкіндіктер одан да арта түсті. Сонымен қатар, егер бұрын нарықтар ұзақ уақыт бойы асыра бағаланып, өтімділік ағындарымен басқарылған болса, қазір нарықтар іргелі факторларды көбірек көрсете бастады.

 

Жалпы, қазіргі инфляциялық өзгерістер және ірі орталық банктердің қатаң шаралары жаһандық экономика мен нарықтарға құрылымдық тұрғыдан әсер ете отырып, Global Macro басқарушылары үшін көптеген инвестициялық мүмкіндіктер ашуда. Сонымен, жыл басынан бері экономикалық және геосаяси шиеленістер, сондай-ақ нарықтық құбылмалылығы аясында Macro хедж-қорлар екі таңбалы кіріс алып келсе, акциялардың, облигациялардың және алтынның негізгі нарықтары 5% - дан 30% - ға дейін шығындарды көрсетті. Мысалы, Bridgewater Associates ірі басқарушысының Bridgewater Pure Alpha Major Markets қоры жыл басынан бері 25% кірісті көрсеткен болатын.

 

- Бұл ретте стратегияның негізгі тәуекелдері қандай?

 

- Әрине, Global Macro хедж-қорлары әрқашан және әркімге табыс әкеле бермейді. Басқарушылар көбінесе үлкен кірістер алу үшін қыруар несиеге жүгінеді. Әлі күнге дейін Long Term Capital Management қорымен болған оқиға көпшіліктің есінде шығар. Сонымен қатар, Macro көбінесе белгілі бір бағытқа негізделген стратегияға жүгінеді, біз оларды directional bets деп атаймыз. Бағыт қате болған жағдайда, қор үлкен шығынға тап болуы мүмкін, әсіресе қарыз алып тәуекелге барған қорлар аса қатты зардап шекпек. Сондай-ақ, осы стратегияға жататын көптеген хедж-қорлар жүйелі тәсілдерді қолданатын сандық моделдерге негізделген алгоритмдерді қолданады. Алайда бұл алгоритмдер белгілі бір нарықтық жағдайлар орын алғанда жұмыс істемеуі мүмкін. Әрине, хедж-қорларға салынған инвестициялардың сәтті болуы көбінесе қорларды мұқият таңдауға және оларды одан әрі бақылауға байланысты – қорлардың ең жақсы және ең нашар топтары арасындағы табыс пайызының алшақтығы айтарлықтай және кейде 20% асады.

 

- Портфелдегі Global Macro хедж-қорларына инвестициялаудың негізгі рөлін қандай деп көріп отырсыз?

- Global Macro хедж-қорларына инвестиция салу портфель тәуекелдерін әртараптандырады, портфелдің бетасын, яғни акциялар мен облигациялар нарығындағы ауытқуларға әсерін азайтады, сонымен қатар оның басқа активтермен төмен және кейде теріс корреляциясының арқасында risk-adjusted return деп аталатын тәуекелге түзетілген кірістілігін жақсартады. Бүгінгі күнгі жоғары инфляция мен оның құбылмалығы акциялар мен облигациялардың оң корреляциясының тұрақты түрде өсуіне себепші болды. Бұл жағдайда Global Macro стратегиясы жыл басынан акциялар мен облигациялардың жоғалтқан құнын жақсы қайтаруда. Сонымен қатар, Macro хедж-қорларының жоғары өтімділігі оларға нарықтық жағдайдың өзгеруі кезінде тез бейімделуге мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, қорлар портфелдің құрылымын қысқа мерзімде түбегейлі өзгерте алады, бұл оларға нарықтардың жоғарғы құбылмалылығы кезінде артықшылық береді. Қорытындылай келе, Global Macro стратегиясы тәуекелді жаһандық ауқымда әртараптандыруға мүмкіндік береді.

 

- Әлия, қызықты сұхбатыңызға көп рақмет. Сіздің жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Артқа
Қазақстан, Астана қ.,
Z05T8F6, Мəңгілік Ел даңғылы, 57А
© 2012-2023 NIC NBK.