Хедж-қорлардың өтімділігі және комиссиялары

11.09.2023

 

 

- Андрей, сәлеметсіз бе! Неліктен Сіз дәл осы сұхбат үшін хедж-қорлардың өтімділігі және комиссиялары тақырыбын ұсындыңыз?

 

- Қайырлы күн!

 

Біз маңызды тақырыпты қозғағымыз келді, себебі соңғы уақытта бұл салада хедж-қорлардың өтімділік жағдайларының өзгеруі және нақты басқарушылардың комиссия мөлшері мен түрлерінің өзгерістері бойынша белгілі бір үрдістерді байқадық.

 

Мен өтімділік тақырыбынан бастауды ұсынамын.

 

Өткен мақалалардың бірінде айтқанымыздай, хедж-қордың өтімділігі дегеніміз инвестордың қордан қаражатты шығаруы үшін қажетті мерзім болып табылады. Өтімділік, өз кезегінде, қор қолданатын стратегияға тәуелді және қордан қорға байланысты әр-түрлі болуы мүмкін, көбінесе инвестор деңгейінде (investor-level gate), кейде қор деңгейінде (fund-level gate) алу шектеулерін қамтиды.

 

Әдетте басқарушылар компания қызметінің басында капиталды алу үшін өтімділік шарттары жеткілікті жеңілдетілген жағдайлар мүмкіншілігін береді, өйткені көптеген инвесторлар қаражатты тез алу мүмкіндігі қызықтырады. Сонымен қатар, компанияның даму кезінде инвесторлар базасын және басқарудағы активтерді ұлғайту барысында кейбір менеджерлер инвесторлардың адалдығына сеніп, өтімділік шарттарын қатайтуы мүмкін.

 

Соңғы уақытта біз жетекші хедж-қорлардың, соның ішінде біздің портфельдегі қорлардың өтімділік шарттарын белсенді түрде қатайтып жатқанын байқадық. Бұл үрдіс негізінен көптеген портфельдік менеджерлерді жалдайтын кешенді стратегиялардың платформалық хедж-қорларын басқарушылар арасында байқалады. Платформалық басқарушылардың танымал мысалдары Millennium, Сitadel, Point72, Marshall Wace және Balyasny Asset Management болып табылады.

 

Жалпы айтқанда, кешенді стратегиялардың хедж-қорлары үшін орташа өтімділік деп қордың қосалқы стратегияларының негізгі бөлігі өтімді құралдарға шоғырланған деп болжай отырып, әр инвестор деңгейінде қаражатты алу тоқсанына 25% шектеумен капиталды алудың 1 жыл мерзімін санауға болады. Қазіргі уақытта біз көптеген табысты хедж-қорлардың басқарушылары капиталды шығару мерзімін 2-3 жылға дейін ұзарта отырып, қаражатты алу шарттарын қатаңдатқанын немесе қатайтуды жоспарлап отырғанын көріп отырмыз. Кейбір басқарушылар инвесторлардың қаражатты алу мерзімін барынша ұлғайтуға тырысады. Мысалы, Millennium хедж-қоры 2018 жылдан бастап инвесторларға капиталды мәжбүрлеп қайтаруды жүзеге асыра бастады, сонымен қатар оларға қордағы позицияларын сақтап, өтімділігі төмен акциялар класына көшуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Millennium инвесторларының негізгі бөлігі тоқсанына 5% қаражат шығаруға шектеулерге ие және 5 жыл ішінде капиталды толығымен ала алады.

 

- Инвестор ретінде Сіз хедж-қорлардан капиталды алу шарттарын қатаңдатуды қалай қабылдайсыз?

 

- Біз үшін және біздегі ондаған хедж-қордан тұратын портфелді ескере отырып, өтімділік шарттарын қатаңдату, ең алдымен, операциялық тұрғыдан теріс фактор болып табылады. Белгілі бір сәттерде біз басқа қорларға инвестициялау үшін кейбір қорлардан капиталды алу арқылы хедж-қор портфелін қайта теңгерімдеуіміз керек, сондай-ақ кейде басқа активтер кластарына инвестициялау үшін хедж-қорлардан капиталды алу қажет болуы мүмкін.

 

Екінші жағынан, өтімділік шарттарын қатаңдатудың бірқатар оң сәттері бар.

 

Біріншіден, қаражатты алуға шектеулер хедж-қорлардың басқаруындағы активтердің тұрақтылығын арттырады және қордың тұрақсыздығына әрі қорда қалған инвесторлардың шығындарына әкелуі мүмкін инвесторлар капиталының кенеттен жылыстауын болдырмайды. Екіншіден, ұзақ мерзімді активтер базасы қорға портфель менеджерлерін жалдау және ұстап қалу кезінде бәсекеге қабілетті жағдайларды ұсына отырып, инвестициялық мүмкіндіктердің кең спектрін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, хедж-қорлар қаражатты алуға шектеулер болған кезде позицияларды қаржыландыру кезінде қарсы серіктестермен және брокерлермен неғұрлым тиімді келісімдер жасаса алады, сондай-ақ басқару комиссияларынан неғұрлым болжамды кірістерді басшылыққа ала отырып, инфрақұрылымды дамытуға қажетті инвестицияларды жүзеге асыра алады.

 

Әдетте, өтімділіктің күшті шектеулерін мықты нәтижелерді көрсететін хедж-қорлар ұсынады. Осы қорлардың басқаруындағы капиталдың негізгі бөлігі институционалдық инвесторларға тиесілі, олардың көпшілігі ұзақ мерзімді инвестициялау көкжиегіне ие және басқарушылардың жоғары кірістілігі кезінде қаражатты алуды шектеу шарттарын қабылдауға дайын.

 

- Андрей, хедж-қорлардың комиссияларымен жағдай қалай қалыптасуда? Сіз осы бағытта қандай үрдістерді байқайсыз?

 

- Хедж-қорлардың комиссиялары туралы айтқан кезде, біз инвесторлардың капиталы есебінен төленетін шығындарды мегзейміз. Әдетте, негізгі комиссиялар стандартты нұсқада 2% құрайтын басқару комиссиясы (management fee) және орташа есеппен 20% құрайтын нәтиже үшін комиссия (performance fee) болып табылады. Комиссиялардың үшінші маңызды құрамдас бөлігі инвесторларға аударылатын инвестициялық басқарумен байланысты шығындардың бөлігі болып табылады (pass-through expenses). Pass-through шығыстарының құрамдас бөлігі әр түрлі хедж-қорларда айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Бұған инвестициялық талдау жүргізуге арналған шығыстар, заң және салық қызметтеріне арналған шығыстар, бонустарды төлеу және басқа да баптар кіруі мүмкін.

 

Хедж-қорлар комиссиялары бөлігіндегі үрдіс туралы айтатын болсақ, орын алған жағдай өтімділік жағдайына ұқсайды. Инвесторлардың үлкен және әртараптандырылған базасы бар табысты басқарушылар инвесторларға берілетін pass-through шығыстарының құрамдас бөлігін арттырады. Бұл жағдайда, өтімділік сияқты, негізінен pass-through шығындарының өсуі платформалық хедж-қорларда байқалады. Citadel, Millennium, Point72 және Balyasny Asset Management - шығындардың едәуір бөлігін инвесторларға аударатын басқарушылардың танымал мысалдары. Жақында Brevan Howard және Marshall Wace басқарушылары pass-through қосымша шығындар құрамдасын енгізді.   

 

- Сіз хедж-қорлар комиссияларының өсу үрдісін қалай бағалайсыз?

 

- Біз оны теріс бағалаймыз, бірақ белгілі бір дәрежеде платформалық қорлар үшін мұндай шығындарды арттыру еңбек нарығындағы бәсекелестік позицияларды сақтау үшін қажет екенін түсінеміз. Жоғарғы кіріс көрсететін сәтті хедж-қорлардың басқарушылары, ең алдымен, бірінші дәрежелі портфельдік менеджерлер арқылы тамаша нәтижелер көрсетеді. Қазіргі уақытта барлық дерлік платформалық хедж-қорлар еңбек нарығындағы бәсекелестікті күшейту туралы айтады және инвестициялық кәсіпқойларды тарту және ұстап қалу үшін хедж-қорлар, ең алдымен, тартымды шарттар ұсынуы керек.        

 

Институционалды инвесторлар ретінде біз үшін басқарушыларға қаншалықты үлкен комиссия төлеу тиісті болса да, ең алдымен жоғарғы инвестициялық нәтиже негізгі мақсат болып табылады.

 

Практикаға жақын мысалды алсақ - $20 млрд деңгейінде басқарылатын активтері бар, оған 200-ден астам портфельдік менеджерлер жұмыс істейтін және жылдық 20% деңгейінде комиссияларды есептемегенде соңғы 5 жылдағы орташа жылдық кірістілігі бар кешенді стратегияның платформалық хедж-қоры бар делік. Осы қорға инвесторлар үшін негізгі шығыстар - нәтиже үшін комиссия (алынған пайдадан 20%), бонустар және инвестициялық топқа байланысты pass-through құрамдас бөлігі ретінде есепке алынатын және алынған пайдадан шамамен 20% құрайтын басқа да шығыстар, сондай-ақ активтер көлемінің 2%-і деңгейінде басқару комиссиясы болып табылады. Нәтижесінде, инвесторлар үшін қордың таза кірісі шамамен жылдық 10% құрайды. Салыстыру үшін, кешенді стратегиялардың хедж-қор индексінің орташа өлшенген гросс кірістілігі соңғы 5 жылда 11% құрады. Осы индекске кіретін хедж-қорлардың көпшілігінде басқару және нәтиже үшін ұқсас комиссиялар бар, бірақ pass-through шығыстарының құрамдас бөлігі әлдеқайда аз. Ал егер бұл pass-through шығыстарының құрамдас бөлігін жоқ деп есептесек, индекске енгізілген қорлардың орташа таза кірістілігі инвесторлар үшін шамамен 7% құрайды.  

 

Жоғарыдағы мысалға сүйене отырып, инвесторлар үшін үлкен шығындар қолайлы екені анық, бірақ тек хедж-қорлардың жоғарғы кірістілігі кезінде ғана. Бұл мысалда басқарушының pass-through шығындарының жоғары құрамдас бөлігі портфельдік менеджерлерге төленетін, хедж-қорға әлемдегі ең үздік кадрларды, соның ішінде бәсекелес хедж-қорлардан тартуға мүмкіндік беретін жоғары бонустармен түсіндіріледі.

 

Инвесторлар ретінде біздің міндетіміз - хедж-қорлардың барлық елеулі шығындары және олардың кез келген өсуі қордың нәтижелерін жақсарту немесе сақтауға бағытталғандығына көз жеткізу. Біз шығындардың барлық негізгі құрамдастарын, әсіресе шығындарды қосымша арттыру туралы сөз болғанда, нәтижелерді барынша арттыруға бағытталғанын және біздің мүдделерімізге қайшы келмеуін мұқият қадағалаймыз.

Артқа
Қазақстан, Астана қ.,
Z05T8F6, Мəңгілік Ел даңғылы, 57А
© 2012-2023 NIC NBK.